Ер қаруы – бес қару
Президент жолдауы

Түркі халықтарының тәлім-тәрбиесін негізге алып, Ұлы даланың қағидалары мен салт-дәстүрін сақтаушылардың қолдауынан шабыттанып, ХХI ғасырдың басында, атап айтсақ, 2002 жылдың 29 мамырында біз Қазақстан Республикасының Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің ресми мәліметтеріне сай, 25 республикалық федерацияның, 16 облыстық филиалдың, 160 бөлімнің және 1 миллионнан астам адамның, оның ішінде 127 000 спортшының басын біріктірген Қазақстан Республикасының Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының құрамынан «Бес Қару» Ассоциациясын құрдық.

«Бес Қару» бес түрлі қару дегенді білдіреді. Ал, оның астарына үңілетін болсақ, мынадай сұрақтарға жауап іздеріміз хақ: Қару дегеніміз не? Қарудың қандай түрлері бар? Қару кісі өлтіру үшін жасалған ба немесе ол тек қана қорғаныс құралы ма? Ол зат па жоқ, әлде, басқа дүние ме? Біздің түсінігімізде, бес қару дегеніміз адамның әбден пісіп-жетілген, кемеліне жеткен бес қасиеті. Олар – рух, күш, еңбекқорлық, мақсатшылдық және махаббат.

«Бес Қару» Ассоциациясының шығармашылық ұжымы жауынгерлік қару-жарақты, көшпенділердің тұрмысынан қалған бұйымдарды қалпына келтіреді және жаңғыртады, осылайша ұлы халықтың мұрасын сақтайды.

Біз ұлттық спорт түрлерін насихаттап, дамытумен айналысамыз. Себебі көптеген ғасырлар бойы олар ата-бабамызды шымыр, рухын биік, ерік-жігерін мықты етті. Философиясы Ұлы даланың дүниетанымымен және дәстүрлерімен астасып жатқан көптеген шығыс жекпе-жектері де назардан тыс қалмайды. Тәуелсіз Қазақстанға құлашын кеңге жайған дарқан даласын қорғау үшін, жерімізді ілгерідегі батырларымыз аманат еткендей етіп, көзіміздің қарашығындай сақтау үшін мықты қорғаушылар керек. Бұл туралы естен шығаруға болмайды. Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келер.

Уақыт өте келе адамның жаратқанының жер бетінде ізі де қалмайды, алайда ол көкейде сақталғанды өшіре алмайды. Бүгініміз – қас пен көздің арасындағы сәт, уақыт сырғыса, өткеннің еншісінде қалады. Болашақ бүгініміз бен өткенімізден құралады, және жады адамзаттың тарихын өлтірмейтін жалғыз байланыстырушы дүние. Өткеннің бүгінімізбен және келешегімізбен байланысын ескере отырып, «Бес Қару» Ассоциациясы адамның, жауынгер мен еңбекші халықтың ерлікке толы өміріне баға беру, халықтың жадына батырларымыздың бейнесін мәңгіге қалдыру мақсатында «Халық батыры» институтын түлетеді. Бұл құрметті атақ халықтың өзі мойындаған халық батырларына берілетін болады.

Мұндай жаңа атақты тағайындау аса өзекті. Нағыз батыр бірінші кезекте көше мен кейбір телебағдарламалардың зиянды ықпалынан арашалауды қажет ететін жасөспірімдерге керек. Сондықтан бұл атаққа бүгінгі таңда өз қызметі арқылы Қазақстанның атағын шығарған адамдар ұсынылатын болады.Оған әртүрлі жастағы адамдар ұсыныла алады, бастысы – жастар олардан үлгі алатындай болса болғаны. Ассоциацияның ең маңызды міндеті – өскелең ұрпақтың бойына Отанға деген сүйіспеншілікті сіңіре отырып, жекпе-жек өнерінің негізін қалаушы қағидаларды жаңғырту, рухани мықты, жоғары білімді қоғам құру үшін мықты іргетас қалау.

«Бес Қару» Ассоциациясының негізін қалаушы және президенті
Дәурен МҰСА

© «Бес Қару» Ассоциациясы, 2010. Барлық құқықтар заңмен қорғалған.