Ер қаруы – бес қару
Қазақстан Республикасының «Ат спорты индустриясы федерациясы» (АСИФ) республикалық қоғамдық бірлестігі

Қазақстанда ат спорты индустриясын қалыптастырудың негізгі мәселелері

Қазақстан халқының атжарыстарға деген қызығушылығы ерекше. Алайда дәл осы күнге дейін осы рухани қажеттілікті ұйымдастыру жағы ақсап келді. Оның үстіне ат спорты индустриясы деңгейіне жетпеді.

Республикалық ат спорты федерациясының болғанына қарамастан, спорттың тек олимпиадалық түрлері (конкур мен үйрету) ғана емес, атжарыстар мен шабыстар да мардымсыз деңгейде дамуда. Тек еліміздің түкпір-түкпіріндегі көптеген ынталылардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасының ұлттық спорт түрлері қауымдастығының арқасында халықтық атжарыстар мен ойындар өтіп отырады. Алайда онда да ұйымдастырушылық-құқықтық бірлік пен жүйе жоқтың қасы.

Бұл – мемлекет тарапынан назар бөлінбеудің нәтижесі. Мүдделі министрліктер мен ведомстволар бұл мәселемен айналыспайды. Ат спортын дамытудың халқымыздың тамыры тереңде жатқан таным-тіршілігі үшін аса маңызы екенін атап өткен жөн. Ол ұлттың жаны мен тәнінің саулығы үшін керек, іскери белсенділігін арттыратын мықты күш болып табылады. Мысалы, дамыған елдерде атжарыстар мыңдаған табысты, жоғары лауазымды немесе аса дәулетті адамдардың басын қосады. Олар асыл тұқымды аттардың жарыстарын тамашалап, тамсанады. Бар болғаны бірнеше күн ішінде ұйымдастырушы-ел шетелдік валютадағы ондаған миллион қаражатты иемденеді. Франция мен БАӘ-де жарыстардан түсетін қаражат бюджетке түсетін табыстардың төртінші бабын құрайды. Жыл сайын «Франс галоп» шабандоздар клубы 9 млрд еуро алады.

Мына мысалдардан көрініп отырғандай, дамыған елдерде шабыстар спорттың зайырлы түріне ғана емес, жоғары табысты бизнес көзіне айналды. Өзінің айналымы бойынша ат спорты индустриясы өнеркәсіп саласымен тең түседі. Оның үстіне, экологиялық тұрғыдан таза табыс түрі. Айрықша атап өтетін жайт: асыл тұқымды міністік аттардың халықаралық жарыстары бұрынғы КСРО, Қытай (Гонконгтан басқа), Үндістан, Оңтүстік Корея елдерінде әзірге өткізіліп жүрген жоқ. Бұл 3 миллиардқа жуық халық мекендейтін елдер. Егер әлемдік деңгейдегі жарыстар Қазақстанда ұйымдастырылатын болса, бүкіл Азия өз аттарын елімізге жарыстарға және сатылымға әкелетін болады. Елімізде мұндай табысы жоғары бизнесті ұйымдастыру әбден мүмкін, бес-алты жыл ішіндегі салыстырмалы түрдегі шағын шығындар бірнеше есе табыс, инвестициялар, бюджетке түсетін салықтық және басқа да түсімдер түрінде кері оралады.

Қазақстанда бұрын жарыстарды спорт және бизнес түрі ретінде ұйымдастыру амалдары жасалды. Алайда олар мына себептерге байланысты сәтсіз аяқталып отырды: мемлекет тарапынан қолдаудың болмауы, әлемдік стандарттарға сай келетін жарыс жолдары бар ипподромдар мен жаттығу орталықтарының болмауы, аттардың жүйріктігін мемлекет тарапынан сынайтын тұрақты қаражаттың (жүлде қорларының) жоқтығы, бұл салаға мыңдаған жақтастарды тартатын қоғамдық қозғалыстың болмауы.

Түрлі келешегі бар керекті жобалар адами фактордың салдарынан жүзеге аспады. Кейбір менеджерлер идеяны түсінбей, басқа жаққа тартты, басқалары пайдакүнем болып, үшіншілері біліксіз болып шықты.

Сондықтан араларында атжарыстардан хабары мол бірқатар ынталылар бұл мәселені шешу үшін «Ат спорты индустриясы федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігіне бірікті.

2012 жылдың 25 ақпанында Федерация ат спортының көптеген мамандары мен ынталыларын, таза қанды жылқы, ипподромдар мен жылқы фермалары қожайындарын, қазақ шабандоздар клубы мен таза қанды ағылшын аттарының тұқымдық кітабының иелерін шақыра отырып, кеңейтілген жалпы жиналыс өткізді.

АСИФ барлық ұйымдастырушылық-құқықтық жұмысты өз мойнына алады: тұжырымдаманы, қадамдық жоспарды (жол картасын), заңнамаға енгізілетін керекті ұсыныстарды әзірлеу. Біз сондай-ақ мемлекеттік сынақтарға сарапшылар мен кеңесшілер, ұйымдастырушылар мен төрешілер ретінде қатысуға, ипподромдарды, жаттығу орталықтарын жалға алуға немесе басқаруға және т.б. әзірміз. Осылайша, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік арқылы біз барлығымыз бірігіп, осы саладағы кез келген мәселені шешеміз. Ата-бабаларымыз жер бетінде жылқыны бірінші болып үйретіп мінген. Әлемдік деңгейде жаңа ат спорты державасын құру – өте күрделі, алайда өзін ақтайтын іс.

Ең маңызды және кезек күттірмейтін мәселе келесі түйткілдерді шешу болып табылады:

1. Елімізде бірнеше ипподромдар мен жаттығу орталықтары салынуы тиіс. Олар жекешелендірілмеуі тиіс, әйтпесе, спорттық жылқы шаруашылығының басты мәні – ипподромдардың атжарыс ұйымдастырушылары үшін де, қатысушылары, сондай-ақ жанкүйерлер үшін де қолжетімділігі мүмкін болмайды. Бірде бір жекеменшік инвестор немесе қалталы кәсіпкер сәйкес инфрақұрылымды (бұл әдетте 20 миллион АҚШ долларынан астам қаражат) жақсы ипподром салуға бел бумайды, себебі оның өзін өзі өтейтініне кепіл жоқ. Ірі оңтүстік қалалары (Алматы, Шымкент, Тараз, Талдықорған) аясында екі-үш ипподром салуға қаражатты тек мемлекекеттің бөлуге шамасы бар. Сондықтан мемлекет салықтық базаны, жұмыс орындарының санын, экономикаға құйылатын инвестицияның артуына мүдделі. Мысалы, Түрікменстанда 6 велаяттың әрқайсысы халықаралық стандарттарға толықтай сәйкес келетін жарыс жолы бар бір-бір ипподромнан салды. Бір орында тұрып қалмас үшін атжарыстарға жарайтын жалғыз Алматы ипподромын сатып алу (мемлекет меншігіне өткізу) керек. Онда шұғыл түрде елеусіз жөндеулер жүргізіп, ұдайы шабыстар өткізіп отыруға болады. Мемлекеттік ипподромдар мен жаттығу орталықтары шетелде мойындалатын мамандандырылған қоғамдық бірлестіктердің (халықаралық шабандоздар клубы типтес) басқаруына немесе оларға жалға беріле алады. Мысалы, шабыстар бюджетке миллиондаған табыстар әкелетін Францияда, Түркия мен көптеген басқа елдерде жекеменшік ипподромдар жоқ.

2. «Аттардың сапасы мен жүйріктігін сынау» үшін жыл сайын бюджеттік қаражат бөлу. Барлық елдерде мемлекет ауыл шаруашылығына демеуқаржы бөледі, ал шабыстар ұйымдастырылатын жерлерде аттардың жүйріктігіне мемлекеттік сынақ ұйымдастыру үшін қаражат (шабыстарға арналған жүлде қорлары) бөледі. Тек Қазақстанда ғана атжарыстар мен шабыстар не ауыл шаруашылығы министрлігінің, не дене шынықтыру және спорт агенттігінің, не ат спорты федерациясының қызығушылығы мен құзыретінің аясына кірмейді. Оның үстіне мамандардың пікірінше, жүлде қорларына арналып құйылатын қаражаттар ат спорты индустриясына он есе көп инвестиция тартады. Бұл жылқыларды сатып алу-сату, күтім жасау, емдеу, асылдандыру, үйрету, қоректендіру, жем, ветеринарлық дәрілер, қайыс бұйымдарын, спорттық жабдықтарды өндіру, атқоралар, қонақүй-мейрамхана кешендерін салу, шабандоздарды, бапкерлерді, ветеринарларды, остеопаттарды, диетологтарды, ұсталарды, жылқышыларды және т.б. үйрету бойынша құйылатын қаражаттар. Және бұл қалталы шетелдік жылқы иелері мен жанкүйерлердің келуінен түсетін табысты санамағанда. Барлық аймақтық және финалдық атжарыстар үшін мемлекеттік сынаққа кететін жалпы жылдық шығыстар (ақшалай жүлделер) кем дегенде үш миллион долларды құрауы тиіс. Барлығы оң өрістеген жағдайда ол өсе түсуі керек. Мысалы, 2011 жылдың 26 наурызында Дубай қаласында өткен Атжарыстан әлем кубогінің жүлде қоры 26 миллион доллардан асып түсті.

3. Қаржыландыру бойынша заңнамалық негізді қалыптастыру. Екі алдыңғы шарт орындалғанның өзінде заңнаманы өзгертпесе, бюджетке ірі көлемде кіріс кіре қоймайды. Осылайша, Францияда барлық тігілген бәстерден тотализаторда мемлекет ақшалай қаражаттың кем дегенде 30 пайызын бірден алып қояды, олардың бір бөлігі тікелей бюджеттің кіріс бөлігіне кетеді, ал басқасы шабыстарды дамытуға жұмсалады. Мұның тек экономикалық емес, сондай-ақ айқын моральдық мәні де бар. Ақшалай құмарлыққа белгілі бір шек пен молшылық белгісі ретінде үлкен салық салынуы тиіс. Сондықтан салықтық және бюджеттік заңнаманы тек тотализаторлар (оларды араб елдеріндегідей құралдармен ауыстыру керек) ғана емес, басқа да букмекерлік кеңселер мен ойын үйлері (казино) үшін де қатайту керек. Бұл ретте ескеретін жайт: жанкүйер шабыстарда көзді жұмып, бәс тікпейді, ол шабандоздардың тәжірибесін, аттардың мүмкіндіктері мен тұқымдарын, тіпті жол жабынын да зерттеп, бағалайды. Осылайша, белгілі бір дәрежеде ұтысқа ие болу үшін еңбектеніп, осы спорт түрін жақсы көру керек. Мұндай адамды тұлға ретінде бұзатын көзсіз құмарлық жоқ.

4. Әлемдік ат спортындағы Қазақстанның мәртебесі мен рейтингісін көтеру. Жылқыға деген қызығушылық пен атжарыстарға деген құмарлық біздің қанымызда бар. «Астана» велокомандасы немесе «Астана» командасының КАМАЗбен раллиге қатысуы секілді жақсы жобалармен салыстырғанда, ең мәртебелі шабыстарға Қазақстанның атынан аттардың қатысуы халықтың шын қызығушылығын туғызады және сәйкесінше оның тарапынан осы спорт түріне инвестиция құйылуына септігін тигізеді. Егер нақты айтсақ, болашағы бар құлындарды сатып алуға, оларды өсіруге және шетелдегі жаттығу орталығында (кейін Қазақстанда тұрғызылған орталықтарда) үйретуге қаражат салу керек. Олар шабыстарға Қазақстан атынан қатысып, жеңе бастаған кезде бір бөлігі шығындарды өтеу үшін сатылады, ал қалғандары елге атжарыстарға қатысуға және тұқымын көбейтуге кіргізіледі. Қазақстанның бірқатар қалталы азаматтарының дәл осылай жасайтынын: жылқыларды сатып алып, баптап, шетелде жарыстарға шығаратынын айтып өткен жөн. Алайда олар жеке тұлға ретінде қатысады. Егер Қазақстанда шартты түрде алсақ, шетелде үздік сәйгүліктері, бапкерлері пен менеджерлері бар өз атқорасы болса, біз өзімізді ат спорты державасы ретінде таныстыра алар едік. Бұл Қазақстанда тікелей әлемдік деңгейдегі атжарыстарды табыстырақ әрі жылдамырақ ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Әлемде осы саладағы менеджментпен айналысатын көптеген фирмалар бар. Мысалы, біздің Федерацияның мүшесі Эрве Баржо әлемге танымал топ-менеджер болып табылады. Оның 300 мың ағылшын фунтына сатып алған құлыны төрт жеңістен кейін 16 миллион еуроға сатылды. Басқасы 5 мың долларға сатып алынып, 2 миллион еуроға сатылды. Зайырлы әрі болашағы бар тұқымның 30 жас төлін сатып алып, оларды өсіріп, атжарыстарға қатысуға баптау үшін 12-15 миллион доллар қажет болады. 3-4 жыл ішінде менеджмент пен бақылау дұрыс жүзеге асырылған жағдайда жоба толықтай өтеліп, таза кіріс әкеле бастайды.

5. Жылқы сатылымы бойынша бәссауда ұйымдастыру да табысы жоғары бизнес әрі үлкен салықтар нысаны болып табылады. Алайда ол тек біз ат спорты державасына айналсақ қана мүмкін. Уақыт бір орында тұрмайды. Жыл өткен сайын айналасында шетелдік валютадағы жүздеген миллиард доллар айналған үлкен шабыстардың зайырлы әлеміне еніп кету барған сайын қиындай түседі. Ат спорты индустриясын дамытуға бүгінде қадам жасап, біз осындай өзіндік экономикалық әдіспен ұлттық рухымыз бен халқымыздың мақтанышын асқақтата түсеміз.

Біз жоғарыда баяндалған дамудың негізгі бағыттарының (векторларының) біріккен тұсында экологиялық тұрғыдан таза, жоғары табысты және жалпы ұлттық мүдделерге жауап беретін экономика мен спорт саласын құруға әкелетініне сеніміміз мол. Бұл іс 3-4 жылға 100-150 миллион доллар жұмсап, жыл сайын бірнеше миллиард доллар табыс алып отыруға саяды.

Ат спорты ынталыларының атынан

«Ат спорты индустриясы федерациясы» РҚБ төрағасы Б. Бұлғақбаев,
АСИФ Кеңесінің мүшелері

2012 ж. 12 ақпаны

© «Бес Қару» Ассоциациясы, 2010. Барлық құқықтар заңмен қорғалған.